top of page

Оңтүстік  Қазақстан  облысы,  Түркістан  қаласы,

«Ұлықбек  атындағы  жалпы орта  мектеп»  коммуналдық  мемлекеттік  мекемесіні

 

 

      Көне  Түркістан  қаласының  күншығыс  жағында 50 шақырым   жерде,  қарт  Қаратаудың  етегінде,  Иқан су  өзенінің   бойында  Ибата  ауылы  орналасқан.  Археологиялық  қазба  жұмыстары  кезінде  және  шаруашылық  жұмыстарды атқару  кезінде  табылған  тас құралдар  мен қол  диірмендердің  табылуы  ауыл  тарихының  көнеден  бастау  алатынына  дәлел. Сол өңірде  ислам дінін  таратушы  әулиелердің  бірі  Ибадулла  ата  болған. Ауыл сол абыздың  атымен аталған. 1915 жылдар  шамасынан бастап  халық бұлақ басына  егін егіп, өзенді  жағалап қоныстанған. Табиғаты тамаша, ауасы таза, жасыл желекке оранған, бұлбұлдары сайраған,  шежірелі  Жаңа  Иқан ауылында  «Ұлықбек атындағы жалпы орта мектеп» коммуналдық  мемлекеттік мекемесі  орналасқан.

      Ауылдағы  алғашқы  мектеп- медресе  шамамен 1904 жылдары  ашылған. Медреседе жас балалар  мұсылманша сауат ашқан. 1910  жылы  Сейтмұрат  болыс өз қаражатынан  ғимарат салдырып,  білім беретін  мектеп ашқан. Бұл мектепте би- болыс, байлардың  балаларымен бірге қарапайым  жергілікті халықтың  ұл-қыздары  оқып, білім нәрімен сусындаған. Мектептің ең алғашқы мұғалімі Асқар деген кісі болған. Ол балаларды  білімге шақырып, ауылдағы сауат ашу жұмысына  белсене  қатысқан  зиялылардың бірі болды. Ұлы Қазан төңкерісінен кейін елде жаппай  білім беру кезеңі  басталды.  Ұлы  ағартушы  Ыбырайдың  ізін қуған шәкірттері  мен  Алаш  арыстары  халықты  білім алуға шақырып, Ахметтің  тілімен айтсақ, «ұйықтап жатқан елді маса болып, ұйқысынан  оятып», қара түнектен жарқын  болашаққа бастайтын білім алуға шақырды.  Барлық  елді мекендерде  білім ошақтары  салына бастады.  1922 жылы ауылда  жаңа    білім беру мектебі  ашылып, онда әрі мұғалім, әрі  директор болып Бекназаров Мавлан  қызмет атқарды  және  ұстаз  Нарбеков Қамбарбек  жұмыс істеді.  

          Ұлы  Отан соғысы жылдарында  мектеп  7 жылдық орта  мектеп болып қайта ашылды. Халық санының көбеюіне  байланысты  1954  жылы  жаңа  ғимарат салынып,  10  жылдық  білім беру мектебі   болып қайта  ашылып, №10 Жаңа  Иқан  орта  мектеп  атауы  берілді. 

       1969  жылы  білім ордасына  ғалым  Ұлықбек Тарағай  есімі берілді.  1983 жылы жаңа  үлгідегі  типтік ғимарат салынып,  желтоқсан айында  пайдалануға  берліді. Мектептің ашылу салтанатында  символикалық  кілт білім беру  саласында 54 жыл қызмет еткен бастауыш сынып мұғалімі ардагер- ұстаз  Абдурахимов Нарматқа  тапсырылды. 1963 жылдан бастап  мектеп жанынан  интернат ашылып, халық игілігі  үшін  қызмет істеді. Ж.Алдабергенов, А.Жүнісбеков, Д.Исабеков, М.Нысанбаев, Б.Шайманов  сынды ардагер – ұстаздар  интернат жұмысының  өз дәрежесінде  болуына  үлестерін  қосты. 1997  жылы мамыр  айында интернат  өз жұмысын  тоқтатты. Білім ордасының  өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне  қаншама жылдар  оның толағай  табыстарға жетуіне үлес қосып, өздерінің  ерекше іскерлігімен  еліне  танымал болған  ұлағатты ардагер- ұстаздар, мектеп директорлары  Тажиметов Саттархан, Исаев Эргеш, Йулдашев Расул, Хамраев Абдусаттар, Рустамбекова Қумри, Муминов  Хошим, Мавлянов Узумхан, Искандаров  Мухаммадамин, Артиков Ташпулат, Усманкулов Аваз, Искандаров Адхам,  Камалов   Мухитдин, Құрманбеков  Абылайхан  қызмет атқарды.  Ұлықбек атындағы  жалпы орта мектебінде  оқушылар  қазақ және өзбек  тілінде  екі ауысымда  білім  алады. Қазіргі таңда  мектепте   1505 оқушы  бар.  Білікті де  білімді  ұрпақ тәрбиелеуде   157-ге тарта мұғалім  қызмет  етеді. 14 мұғалім жоғары  санатты, 45 мұғалім  І санатты, 79 мұғалім ІІ санатты. 54 пән кабинеті  заман талабына  сай  жабдықталған.  Ақпараттық технология бойынша 3 кабинет  талапқа сай  жабдықталып, ғаламтор  желісіне қосылған.

     Мектепте соғыс, тыл, еңбек  ұстаз-ардагерлердің  еңбектерін  келер  ұрпаққа насихаттау  барысында  «Мәдени  мұра» бұрышы,  «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасын жүзеге асыруда  қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың  өмірі мен шығармашылығына   арналған  Абай  залы,  орыс әдебиетінің  классигі А.С.Пушкинге арналған Пушкин залы,  ағылшын    ақыны  У.Шекспирге  арналған бұрыш, өзбек  әдебиетінің  негізін  салушы Ә. Науаиге  арналған Науаи залы,  ұлы ағартушы, ұстаз  Ыбырай Алтынсаринге  арналған Ыбырай залдары  жұмыс істейді.

 

 

        Мектеп ұжымында  білімді де, білікті  ұстаздар  шәкірттердің  білімді, ойлы, саналы,  дарында, зерек болуына  жағдай жасап, керек  білім беріп, олардың  қай- қайсысына  болсын қатаң  талаптар  қоя  білді.  Жастарға заман талабына сай сапалы білім, саналы  тәрбие беру ісі жақсара  түсті.  Соның  нәтижесінде  аршынды қадаммен  оза  шапқан, жалымен  жел ескен  тұлпардай  жарыстың  алдына  түскен,  шоқтығы биік, білімді, үздік мектеп  бітірушілердің  қатары  көбейіп, білім  ордасының  атағын аспандатты.

         Ұстаз мәртебесі – оқушы  жетістігі. Талай шәкірттеріміз білім додасына қатысып, Олимп шыңдарын бағындырды. Қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, біліктілік, дарындылық қабілеттерімен білім додасында топ жарып, жүлделі орындарға ие болған шәкірттерімізді мақтанышпен айта аламыз. Атап айтсақ, Тасырбаев Райымбек, Токулиева Нұршат, Мәді Аманжол, Абдуғаппарова Тотыхан, Исмайлова Карамат, Мырзаханова Сангина, Молдабекова Гүлфайруз, Қабылбекова Ұлжалғас, Сұлтанмұратова Фариза, Құлбекова Күмісай, Сайлауов Нұртас, Өмірбеков Мұрат, Қойшыбаева Ұлмекен, Бабажанова Гулфина, Шарафитдинов Шарафитдин, Мавлянова Наргиза, Артиқова Мафтуна, Бабаханова Алтиной, Сайфурова Роза, Камалова Бону.   

 

         2011-2020 білім беруді дамыту бағдарламасына сәйкес «Ұлықбек атындағы жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2013 жылдан бастап  «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» жобас бойынша эксперименттік мектеп болып табылады. Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақтың қолында»  дегеніндей, эксперименттік кезеңде оң нәтижелерге қол жеткізіп, талай асуларды бағындырды. 

  2013-2014  оқу жылында ҰБТ-ға  қатысқан  оқушылардың  білім сапасы 80,2 пайызды құрады. Жалпы тестке қатысқан 9  оқушының 5-еуі  мемлекеттік грантқа,  2-еуі  квотаға  ие  болды.

2014-2015 оқу жылында  жалпы білім беру ұйымында ҰБТ көрсеткіші бойынша білім сапасы 78,5%, орта балы 85,5.

2014-2015 оқу жылында 11 сыныптың 65 бітірушінің  10 түлегі  жоғары оқу орнының мемлекеттік грант иегері атанды. «Серпін» бағдарламасымен   2 түлек Қарағанды қаласының мемлекеттік техникалық университетіне,2 түлек Орал қаласының Жәңгірхан атындағы Қазақ ауылшаруашылық техникалық университетіне, 6 түлек Халықаралық Қазақ Түрік Университетінің студенттері атанды.

bottom of page